Қазақтың тұңғыш әйел журналисі – Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова. Ол 1887 жылы 27 шілдеде Торғай қаласында дүниеге келген. Сол кезеңде қалада тұратын қыздардың білім алуына ауыл қыздарымен салыстырғанда кедергілер аз болды. Дарынды әрі мақсатшыл Нәзипа 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясын тәмамдап, 1903–1904 жылдары мұғалімдер семинариясында сабақ берді.
Нәзипа ұлы Абайдың поэзиясын ерекше сүйіп, жоғары бағалаған. 1914 жылдың 26 қаңтарынан бастап ол ұлы ақынның қайтыс болғанына он жыл толуына арналған бірқатар әдеби кештер ұйымдастырды. Бұл кештерге көпшілік жиналып, ақынның асқақ поэзиясы насихатталды, өлеңдері оқылып, тыңдармандар мен оқырмандар оның шығармашылығымен танысты. Осы кештерден алған әсері туралы белгілі Шығыс зерттеушісі Г. Н. Потанин Омбы географиялық қоғамында мынадай пікір қалдырған: «Шынында да, қазақ халқы өте музыкалық қабілетті, дауыстары таза әрі сыңғырлаған. Әншілер әндерді асқан шеберлікпен орындайды».

