Қазақстан Кітапханалар Одағы нормативтік базаны, форумды және жобаларды бір онлайн-алаңға біріктірді

Қазақстан Кітапханалар Одағы сала мамандарына арналған жаңа ақпараттық порталды іске қосты. Бір алаңда кітапхана ісі саласындағы заңнамалық және нормативтік құжаттар, әдістемелік және білім беру материалдары, салалық басылымдар, отандық баспалар туралы ақпарат және басқа да бейінді ресурстар жинақталған.

Сала мамандарының өзара іс-қимылына ерекше назар аударылған. Порталда жаңалықтар, іс-шаралар туралы ақпарат пен оқыту материалдары жарияланып, тәжірибе және пікір алмасуға арналған форум жұмыс істейтін болады. «Зерделі ұлт» бағыты оқу мәдениетін насихаттауға, кітапханалардың қоғамдық маңызын арттыруға және ұлттық зияткерлік құндылықтарды ілгерілетуге арналған.

Айта кетейік, жаңа ресурс кітапхана саласындағы маңызды өзгерістер кезеңінде іске қосылды. Қазіргі уақытта «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң жобасы талқылануда, библиографиялық сипаттаудың халықаралық стандарттары енгізіліп, электрондық құжаттарды есепке алу тетіктері әзірленуде. Сондай-ақ кітапханалар қызметінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдануға ерекше көңіл бөлінуде.

Қазақстан Кітапханалар Одағының ресми порталы kitaphanalarodagy.kz мекенжайы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Пайдаланушылардың ыңғайлылығы үшін іздеу жүйесі мен тақырыптық сүзгілер, ал тіркелгеннен кейін жеке кабинеттің қосымша мүмкіндіктері қарастырылған.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі